Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Аустралиазия





 

Дүние жүзілік туристік ұйымның (ДТҰ) туристік мезоаймақтарға жіктеуі бойынша Аустралия Жаңа Зеландиямен бірге Аустралазия мезоаймағын құрап, Микронезия, Мелонезия, Полинезиямен бірге Шығыс-Тынық мұхиттық макроаймағына кіреді.

Аустралия мемлекеті Аустралия құрлығын толығымен алып жатыр. Ел аумағы Аустралия құрлығы мен Тасмания аралын қоса Аустралия Одағын құрайды. Аустралия мемлекетінің жалпы аумағы 7,7 млн. шаршы шақырым шамасында. Елді шығыста Тынық мұхиты; батыста Үнді мұхиты; сондай-ақ Тасман, Коралл, Арафур, Тимор теңіздері шайып жатыр. Аустралия – жер бетіндегі ең кіші материк. Ол іргелес аралдарымен қоса түгелдей оңтүстік жарты шарда жатыр. Басқалардан кейін ашылған материктің аты латынның «australias» оңтүстік деген сөзінен шыққан.

Оңтүстік тропик Аустралияны одан солтүстікте материктің шағын, оңтүстікте көпшілік бөлігі жататындай етіп кесіп өтеді. Солтүстікте Аустралияның жағасында Мелвилл, Батерст, Грут-Айленд және басқа ұсақ аралдар, оңтүстікте материктік қайраңның шегінде жатқан Тасмания, Кинг, Флиндерс және Кенгуру аралдары жатыр. Батыстағы ең ірі арал – Дерк-Хартог, шығысында – Фрейзер.

Аустралия Тынық және Үнді мұхиттарының суымен ұласып жатыр. Ол ешбір материкпен құрлық арқылы байланыспайды. Сондықтан Аустралияны, сондай-ақ оның көлемінің шағын екендігін еске ала отырып, кейде материктік арал деп те атайды.

Аустралиядан солтүстікте және шығыста, Тынық мұхиттың оңтүстік-батыс бөлігінде материктік, маржандық және жанартау текті көптеген аралдар жатыр. Бүкіл осы аралдардың жиынтығын Мұхиттық аралдар деп атайды.

Мұхиттық аралдардың жалпы көлемі шамамен 1,3 млн. шаршы шақырым. Әдетте, Мұхиттық аралдарды бірнеше бөлікке бөледі. Аустралияға ең таяу жатқан Жаңа Зеландиядан басқа, батыстағы ең ірі аралды Меланезия деп атайды. Меланезияға Жаңа Гвинея, Соломон аралдары, Жаңа Каледония, т.б. кіреді. Ең оңтүстікте жатқан Жаңа Зеландия ерекше көзге түседі. Меланезиядан солтүстіктегі және 177´ ш.б. батысқа таман жатқан ұсақ аралдарды (Мариан, Каролин, Маршалл т.б.) Микронезия деп атайды. Тынық мұхиттың орталық және оңтүстік бөлігінде 177´ ш.б.шығысқа қарай жатқан қалған барлық аралдар Полинезияға жатқызылады. Олар Гавай, Лайн, Қоғам аралдары, т.б. Бұл тарихи және этнографиялық жағынан осылай бөлінген, бірақ ол Мұхиттық аралдарды генетикалық және физикалық-географиялық белгілеріне қарай бөлуге сәйкес келмейді.

Жаңа Гвинеядан, шығыста Фиджи аралдарын қоса, Жаңа Зеландияға дейінгі аралдар доғасы аралдарды және материкті бөліп жататын су алаптарымен бірге Тынық мұхит геосинклинальді белдеуінің жалғасы болып табылады. Климаттың құрылуы және органикалық дүниенің түзілуі жөнінен ол Аустралиямен тығыз байланысты, Шығыс Азия аралдары Еуразияға қандай қатынаста болса, ол да Аустралияға сондай қатынаста.

Аустралияға солтүстігінен эпиконтиненттік Тимор және Арафур теңіздері, сонымен бірге Карпентария шығанағы ұласып жатыр. Тайыз сулы өңір материктің Үнді мұхитымен ұласып жатқан батыс және оңтүстік жағалауларын бойлап созылып кетеді. Шығысынан Аустралияны жер қыртысы мұхиттық немесе өтпелі типтегі терең қазан шұңқырлар болып табылатын (5000 м астам) Маржанды, Тасман теңіздерімен ұласады.

Үстінде материктік және мұхиттық аралдары бар су асты қыраттары мен жоталарын бөлетін Фиджи, Жаңа Каледония, т.б. қазан шұңқырлардың тереңдігі кем түспейді. Сырт жағынан, ішінара теңіздер жағынан да аралдар доғасын бойлап ең тереңдігі 9, тіпті 10 мың м-ден асатын науалар (Меланезия, Витязь, Тонга, Кермадек, т.б.) созылып кетеді.

Аустралияны солтүстік және солтүстік-шығыстан ұласып жатқан теңіздердің бетіндегі судың температурасы жыл бойы +27ºС, +28ºС-қа тең, Маржанды теңіздің оңтүстігінде ол қыста 19ºС-ге дейін, Тасман теңізінде +16, +12ºС-ге дейін төмендейді. Маржанды теңізден жылы Шығыс Аустралия ағысы шығып, материктің жағасын бойлап оңтүстікке қарай бағыт алады. Судың тұздылығы барлық жерде 34,5-35,5‰-ге тең.

Судың тұрақты жоғары температурасы Маржан құрлыстарының дамуына қолайлы жағдай туғызады, олар Маржанды теңізде кең тараған. Оның алабында материктік қайраңның шетін бойлап 2300 шақырымға Үлкен Тосқауыл рифі созылып кетеді. Оңтүстікте оның ені 150 шақырымға жетеді. Оның кедір-бұдыр, эрозиямен тілімденген бетін толысу кезінде су басады. Рифті қиып өтетін енсіз каналдар ашық теңізден тереңдігі 50 м-ден аспайтын үлкен қайраңға апарады. Онда кеме жүзе алады, сондықтан да оның жағаларында Аустралияның ірі порттары орналасқан. Соңғы жылдары маржан ғимараттары әдеттен тыс көбейіп кеткен «тікенді тәж» деп аталатын теңіз жұлдыздарының шабуылынан қатты зардап шегуде. Олар Үлкен Тосқауыл рифінің бір бөлігін құртып та жіберген және бұл бірегей табиғи құрылымды түгелдей құрту қаупін төндіреді.

Үнді мұхитындағы судың температурасы оңтүстікке қарай бірте-бірте төмендейді. Материктің батыс жағалары маңында Батыс Аустралия суық ағысы өтеді, бірақ ол қыста ғана пайда болады және ауа мен судың температурасына күшті әсер етпейді.

Құрлықтың жер бедері эрозия, абразия және үгілу процестерінің нәтежесінде біршама тегістелген. Аустралия мемлекеті аумағының тек 2%-ы ғана 1000 м жоғары биіктікте орналаскан. Аустралияның ең биік нүктесі Жоғарғы Суайрық жотасында орналасқан – Косцюшко тауы (2228 м), ең төменгі нүктесі – Эйр көлі (теңіз деңгейінен 15 м төмен орналасқан). Аустралия ең ыстық және құрғақ материк. Аустралия құрлығының 32%-ын шөлдер мен шөлейттер алып жатыр. Жауын-шашын мөлшері орта есеппен жылына 420 мм-ді құрайды. Елдің көп бөлігі тропикте, ал солтүстік аймақтары – субэкваторлық, оңтүстік батыс субтропиктік аудандарда орналасқан. Шілде айының орташа температурасы +12-20ºС, қаңтардың орташа температурасы +20ºC-ден +30ºС-ге дейін жетеді.

Аустралияның және көршілес аралдардың климаттық жағдайлары олардың көпшілік бөлігінің экватор мен тропикке жақын біршама жылы су алаптарының қоршауында жатқанына байланысты болады және жылына 140-тан 180 ккал/см2 ге дейінгі күн радиациясының жоғарғы жиынтығымен сипатталады. Тасмания мен Жаңа Зеландия аралдары 120 ккал/см2-ден кем алады. Аустралияның климат жағдайларының қалыптасуында Тынық Мұхит пен оның үстіндегі солтүстік және оңтүстік жарты шардың пассатты ауа ағыстары жүйесінің, сондай-ақ қыста едәуір салқындап, жазда күшті ысып кететін Аустралияның континентті массивтерінің ролі зор.

Тынық мұхиттың экваторға жақын шығыс бөлігіндегі атмосфераның өзгеруі қаңтар мен шілдеде біршама болады. Алайда материктердің батысында атмосфера айналымында елеулі өзгерістер байқалып, жылдың маусымдары арасында үлкен айырмашылық туғызады.

Шілдеде экваторлық және бүкіл пассаттық айналым жүйесі солтүстікке қарай ығысады. Бұл оңтүстік жарты шардан, солтүстік жарты шарға қарай, Азия құрлығы жақта ауа тасқындары жүйесін жасайды. Солтүстік жарты шар пассатты Азияға жақындаған сайын материктің үстіндегі төменгі қысым аймағына қарай ауытқуға ұшырайды және оңтүстік-шығыс жазғы муссонына ауысады. Оңтүстік жарты шардың пассаты осы себептердің әсерінен солтүстік жарты шарға оңтүстік-батыс экваторлық муссоны түрінде келеді. Ылғалдың негізгі массасын бұл кезеңде солтүстік жарты алады, оңтүстік жарты шарда жауын-шашын оңтүстік-шығыс пассат өз жолында тауға кездескен жерлерде ғана жауады. Австралияның көптеген аудандары мен аралдарында бұл кезде қуаңшылық болады.

Аустралияның қиыр оңтүстігі, Тасмания мен Жаңа Зеландия шілдеде бұл аудандардың барлығына едәуір мөлшерде жауын-шашын әкелетін қоңыржай ендіктер айналымының ықпалына ұшырайды.

Қаңтарда Аустралия неғұрлым күшті ысып, Азия салқындаған кезде ауа ағысының бөліну реті өзгереді. Аустралиядағы төменгі қысым аймағына тек оңтүстік жарты шардан ғана емес, сондай-ақ солтүстік жарты шардан да адам келеді. Солтүстік жарты шар пассаты Жердің айналу әсерінен ауытқуға ұшырайды және экваторға таяу жерде меридиан бағытына жақындайды. Экватордан өткеннен кейін солтүстік-батысқа қарай бағыт алып, Аустралияның солтүстік бөлігі мен оңтүстік жарты шар аралдарына ылғалды экваторлық муссон түрінде өтеді. Оңтүстік жарты шар пассаты бар минимумы бойынша ең төмен өлшемнің ықпал етуіне қарай Аустралия үстінде айрықша күшті әсер етеді, әрі Тынық мұхиттың батыс бөлігі мен Аустралияның шығыс жағалауларында тура шығысқа қарайғы дерлік бағыт алады, бұл жерлерде мол ылғал қалдырады. Шығыс Аустралия тауларынан асып, ол біршама құрғақ ауа тасқынына айналады.

Сөйтіп, Аустралия материгінің шеткі бөліктері мен аралдарында қаңтарда көп мөлшерде жауын-шашын түседі, бұл кезде солтүстік жарты шарда жауын-шашын мөлшері күрт азаяды.

Аустралияның оңтүстік-батысы мен оңтүстігі қаңтарда Оңтүстік-Үнді максимумының шеткі шығыс аймағының және жауын-шашын бермейтін оңтүстік желдерінің ықпалына ұшырайды.

Тасмания мен Жаңа Зеландияның оңтүстігінде қыстағыдай ауа массасының батысқа ауысуы басым болып, жаңбыр жауады.

Аралдардың температуралық жағдайлары, тіпті экватордан едәуір қашықтықта жыл бойына бір қалыпта болады. Бірақ Австралия әсіресе оның ішкі бөліктері үшін температураның жылдық, тәуліктік едәуір ауытқуы тән.

Аустралия мен көршілес аралдар мынадай климаттық белдеулерге енеді. Шегінде ұсақ аралдар мен Жаңа Гвинея солтүстік бөлігі жатқан экваторлық белдеуде ылғалды экваторлық ауа массасы үнемі басым болады және ауа ағыны өрлей түседі. Бұл жауын-шашынның, оның жылдық қосындысының бір қалыпты таралуын және ылғалданудың бір қалыпты болуын қамтамасыз етеді. Температура жыл бойына өзгермейді дерлік. Теңіз деңгейінен шамалы биіктіктегі +24+28ºС арасында ауытқиды. Биіктеген сайын температура төмендейді, алайда оның барысы бір қалыпты болып қалады.

Субэкваторлық белдеудің шегіне Аустралияның солтүстігіне Жаңа Гвинеяның оңтүстігі мен көрші ұсақ аралдар кіреді. Климаты маусымдылығының айқын білінуімен, әсіресе материкте айқын білінуімен сипатталады. Жауын-шашын жазда көп мөлшерде жауады. Қысқы кезең құрғақ келеді, алайда аралдарда ол пассатқа қатысты алғанда ық жақтағы тау баурайларында ғана айқын байқалады. Алайда таудың жел жақ баурайларында жауын-шашын қыста да жауады, әйткенмен жазбен салыстырғанда оның мөлшері едәуір азаяды. Жылдық жауын-шашын мөлшері жер бедері қолайлы ықпал жасайтын аудандарда өте көп. Материкте температураның ауытқу амплитудасы едәуір, алайда ең салқын айдың орташа температурасы 20ºС-ден төмен болған емес дерлік. Аралдардағы температуралық айырмашылық экваторлық белдеудегі сияқты соншалық аз.

Аустралиядағы тропикалық белдеу аридтік жағдайлардың басым болып келетіндігімен сипатталады. Тропиктік белдеудің шығыс бөлігі, яғни солтүстігі мен оңтүстік-шығысынан басқа жағалаулары мен Шығыс Аустралия таулары бүкіл жыл бойына Оңтүстік Тынық мұхит максимумы мен пассаттық айналымының батыс аймағының ықпалына ұшырайды және бір қалыпты ылғал климатты келеді. Аустралияның шығысында жауын-шашын бүкіл жыл бойына мол жауады. Бұл жауын-шашын әкелетін оңтүстік-шығыс пассаты әрекетінің қысқа қарағанда едәуір интенсивті келуімен түсіндіріледі. Температураның ауытқу амплитудасы Аустралияның солтүстігіне қарағанда анағұрлым көп. Климатқа сондай-ақ таулы рельефтердің де әсері бар.

Материктің ішкі аудандарында бүкіл жыл бойына континентальды тропиктік ауа басым болады, жылдық жауын-шашын қосындысы 250 мм-ден аспайды. Салыстырмалы ылғалдылық 30-40%-ға тең, ал жылдық, әсіресе тәуліктік температуралық амплитуда өте үлкен (соңғысы 35-40ºС-қа жетуі мүмкін). Қыста оңтүстіктен суық ауа массасының енуіне байланысты суық бірден түседі. Топырақ бетіндегі аяз - 5ºС-ге жетеді.

Аустралияның қиыр оңтүстігі, Тасманияның солтүстігі мен Жаңа Зеландияның Солтүстік аралдары субтропиктік климат белдеуінің алабына енеді. Материктің оңтүстік-батысында жауын-шашын тек қыста жауады және оның мөлшері батыстан шығысқа қарай кеми береді. Жазда аймақ Оңтүстік Үндінің максимумының ықпалына ұшырайды. Температура жағдайы әсіресе жазда өте тұрақсыз. Әдетте, оның бұзылуы солтүстіктен күшті ысыған ауаның кіруіне байланысты, ол кейде 40ºС-ден асып түседі, алайда оңтүстіктен жиі-жиі келетін суық пен ылғалды желдер бұл жылы ауа ағысын ауыстырып тұрады.

Аустралияның оңтүстік-шығысында, Тасманияның солтүстігі мен Жаңа Зеландияда климат бір қалыпты ылғалды, жауын-шашын жазда ең көп жауады, оны шығыс және солтүстік-шығыс желдері тікелей теңіз жақтан әкеледі. Қыста жауын-шашын полярлық фронтқа байланысты. Тропикалық фронттан бұл аймақ қыста орташа температурасының неғұрлым төмен болуымен ерекшеленеді (+5, +10ºС). Тауда аяз -20ºС-ге дейін болады.

Аустралияның оңтүстік жағалауларының орта бөлігі Эйр түбегінің екі жағынан жауын-шашынды өте аз алады және маусымдық температураның едәуір айырмашылығымен сипатталады. Жауын-шашын онда қыста аз мөлшерде жауады.

Тасманияның оңтүстік бөліктері мен Жаңа Зеландия қоңыржай белдеуге енеді. Бұл аралдардың климат жағдайлары үлкен ылғалдылық және температурасының бір қалыптылығымен көзге түседі. Батыс айналымның тұрақты әсері әсіресе жауын-шашынның батыс жағалауларда және таудың батыс баурайларында мол түсуіне жағдай туғызады. Қыстағы аяз -5, -7ºС-ге дейін болатын таулы аудандардан өзге жерлерде жаз бен қыстағы температураның айырмашылығы шамалы болады.

Аустралия, Тасмания, Жаңа Гвинея мен Жаңа Зеландия өзендерінің ағыс көлемі 1600 текше шақырымға тең, ағыс қабаты 184 мм, яғни Африкадағыдан сәл көп. Аустралияның жеке ағыны көлемі не бары 350 текше шақырым, ағын қалыңдығы небары 46 мм-ді құрайды, яғни басқа материктердің барлығына қарағанда бірнеше есе аз. Бұл материктің үлкен бөлігінде жауын-шашынның аз түсетіндігіне және оның алабында биік таулар мен мұздықтардың жоқтығына байланысты.

Ішкі ағын аймағына Аустралияның беткі бөлігінің 60%-ы жатады. Шамамен территорияның 10%-ы Тынық мұхитқа, қалған бөлігі Үнді мұхитқа құяды. Материктің басты суайрығы – Үлкен Суайрық жотасы, оның баурайларынан неғұрлым ірі және суы мол өзендер ағып жатады. Бұл өзендер тек жаңбыр суымен ғана қоректенеді.

Жотаның шығыс баурайының қысқа және тік келуі себепті Маржандар теңізі мен Тасмания теңізі жақтарына қарай ағысы күшті, қысқа өзендер бұралаңдап ағады. Азды-көпті біркелкі су ала отырып, олар Аустралияның ең суы мол және жазғы максимумдары айқын байқалатын өзендері болып табылады. Жоталарды кесіп өтіп кейбір өзендер шоңғалдар мен сарқырамалар түзейді. Ең ірі өзендердің ұзындықтары бірнеше жүздеген километр. Олардың кейбіреулерінің төменгі ағысынан 100 шақырым және одан да көп жерде кеме жүзеді, сағалары мұхит кемелерінің жүзуіне де қолайлы.

Сондай-ақ Арафур және Тимор теңіздеріне де құятын Солтүстік Аустралия өзендерінің де суы мол. Олардың ішіндегі елеулісі Үлкен Суайрық жотасының солтүстігінен ағып шығатындары. Алайда Аустралияның солтүстігіндегі өзендер режимі жаз бен қыста жауын-шашын түсуінде елеулі айырмашылық болатындықтан, шығыс өзендеріне қарағанда әркез тұрақты бола бермейді. Олардың суы көбейіп, жазғы муссондық жаңбырлар кезінде арнасынан жиі-жиі асып кетеді. Қыс уақыттарында бұл баяу ағатын енсіз су ағыстары бас алатын кей тұстарда кеуіп қалады. Солтүстіктің неғұрлым ірі өзендері – Флиндерс, Виктория мен Ордтың бірнеше ондаған км төменгі ағысы кеме жүзуге қолайлы.

Аустралияның ірі су жүйесі – Муррей (Марри) – Дарлинг жүйесі. Бұл өзендер Үлкен Суайрық жотадан ағып шығып, оңтүстік ойпатта қосылады. Муррей Дарлингтен қысқа болуына қарамастан, бұл жүйедегі басты өзен болып саналады, өйткені Дарлингке қарағанда суы анағұрлым мол болады.

Материктің ең ірі көлі – Эйр, Орталық жазықта жатыр. Оның деңгейі теңіз деңгейінен 12 м төмен. Көл қазан шұңқыры кең байтақ аймақтың ағын орталығы болып табылады және уақытша су ағыстарының – криктердің (Куперс, Дайамантин, Эйр, т.б.) бүтіндей жүйесін қабылдап алады. Көл таяз, күшті тұзданған, оның көлемі мен пішіні тұрақсыз болады, жауын-шашынға байланысты өзгеріп отырады. Жауын кезеңінде криктер таудан өзенге көп су әкеледі, сөйтіп ол суға толығады. Неғұрлым ылғал жылдары Эйр көлінің ауданы 15 мың шаршы шақырымға жетеді. Жылдың көп уақытына созылатын құрғақ кезеңдерде судың криктерге құйылуы тоқталады, көл суы буланады және олар бір-бірімен қабыршақ тұз басқан телімдер арқылы жалғасқан, таяз су қоймаларына бөлініп кетеді.

 

Ағынсыз тұзды көлдердің үлкен тобы материктің оңтүстігінде жатыр. Бұл Торренс, Гэрднер, Фром, т.б. көлдер таяздап, құрғақ уақытта жекелеген су қоймаларына бөлінеді және күшті жаңбырдан кейін тасиды. Олардың барлығы кең сортаң алқаптармен қоршалып жатыр.

Аустралия халық аз қоныстанған құрлық болып табылады (18 млн-дай адам). Халықтың орташа тығыздығы 1 шаршы шақырым жерге 2,3 адам. Халықтың аз қоныстануына қарамастан, Аустралия жоғарғы урбандалған мемлекеттің бірі. Халықтың 90%-ы қалада қоныстанған.

Аустралия ерекше қорғауға алынған аумақтарға бай құрлық. Бүгінде мұнда 2500 ерекше қорғауға алынған аумақтар бар, олар шамамен 33 млн га алып жатыр. Аустралияның қорғауға алынған нысандарының 11-і ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілген.

Аустралияның негізгі туристік ресурстарына мыналар жатады:

- жағажайлар, мұнда жартасты шоқылар мен ақ құмды жағажайлар алмасып келіп отырады (Бумеранг-Кост, Күн жағалауы);

- Аустралияның орталық шөлдеріндегі құмды жазық, жекелеген құздардың, дюналардың жер бедері (Аутбек тасты үстірті, Эрз-Рок тауы материктің ортасында орналасқан қасиетті тау қалдығы; Хамерсли, Маунт Огюст ежелгі шөлді таулар);

- Маржан рифтерімен жақын жатқан сансыз аралдар (ұзындығы 2000 шақырымға созылып жатқан Үлкен Тосқауыл рифі, Гавай аралдары ендігіндегі тропиктік климатты көптеген ұсақ аралдар);

- Аустралияның қорғауға алынған аумақтары, олардың тарихы 1879 жылғы POYAL ұлттық саябағын қорғаудан басталған. Қазір Аустралияда Кейп Трибулейшн, Какаду, Улуру, Фрэнклин Гордон, Сент-Клер, Крейдл-Маунтин-Лейк (Тасмания аралы) және т.б. ұлттық саябақтар бар;

- Емдік бұлақтардың шығуы (Мори тауы жағалауындағы Мельбрунге жақын жатқан Дейлс-Форт);

- Тынық (Брисбен, Канберра, Сидней) және Үнді мұхиты (Мельбурн, Аделаида, Перт) жағалауындағы қалалардың тарихи-мәдени ескерткіштері.

Туристік-рекреациялық аудандастыруы бойынша Аустралия мынадай аудандарға бөлінеді: Бумеранг-Кост ауданы (Аделаидадан Брисбенге дейін); Муррей өзенінің алабы; Үлкен Суайрық жотасы; Үлкен Тосқауыл рифі; солтүстік туристік аудан; Үлкен Артезиан алабы; Батыс Аустралия; Тасмания аралы.

Бумеранг-Кост ауданы. Бұл – Үлкен Суайрық жотасы мен Тынық мұхиты жағалауы аралығындығы төбелі жазықты аудан. Бұл жерге ылғалды және қоңыржай климат тән. Параматта өзенінің сағасында орналасқан Сидней қаласы осы ауданның ірі қаласы. Халық саны – 3,7 млн-дай адам (ел халқының 20%-ын құрайды). Қаланың негізі 1788 ж. аборигендерден тартып алынған жерде қаланған. Қаланың Сидней аталуы лорд Сидней есімімен байланысты. Қаланың басты екі символдары –Харбор-Бридж аркалы көпірі (Каунтангер), сондай-ақ тартылған желкен формасындағы атақты опера ғимараты. Сиднейдің маңызды ескерткіштерінің қатарына мыналар жатады – Сидней мұнарасы (300 м), нумизматика мұражайы және Минт филтелиясы, отарлық үлгідегі кварталда орналасқан парламент ғимараты, Ұлттық кітапхана, 1816 жылы тропикалық оазис ретінде қала орталығында негізі қаланған Король ботаникалық бағы, Дарлинг-Харбор (60 га саябақ және бақтар), Ұлттық теңіз мұражайы, Сидней аквариумы, Қытай бағы, 1817 ж. құрылған Гайд-Парк-Барак. Қазір Аустралия қоғамының тарихи мұражайы орналасқан.

Сиднейден оңтүстікке және солтүстікке қарай бірнеше шақырымға созылған құмды жағажайлар орналасқан. Қаладан оңтүстікке қарай Куджи Бронтье және Марубра жағажайлары орналасқан. Сиднейдің ең әйгілі жағажайы – Бонди және серфингке арналған жағажай – Кроналла болып табылады. Қаладан солтүстікке қарай серфингке ыңғайлы – Керл-Керл, Авалон, Палм-Бич жағажайлары бар.

Сидней маңындағы ұлттық саябақтардың қатарына: туристердің тамашалуына мүмкіндік жасалған Ботани Бэй ұлттық саябағын жатқызуға болады; Дискаверинг орталығында ұлы теңіз саяхатшыларының ерліктері туралы баяндайтын мұражайлық экспонаттар жинақталған. Ку-Ринг-Пай-Чейзде аборигендердің жартастағы суреттері сақталған. Аустралиялық бауырымен жорғалаушылар саябағында бауырымен жорғалаушылардың ең үлкен коллекциясы бар шоғырланған.

Аймақтың екінші ірі туристік орталығы – Мельбурн іскерлік туризмнің басым дамуымен сипатталады. Мельбурн – құрлықтық өнер орталығы болып есептелді. Мұнда Виктория көркемөнер орталығы, Виктория операсы, Виктория концерт залы және Ұлттық Виктория галереясы орналасқан. Мельбурннан 120 шақырым қашықтықта Порт-Филлип шығанағында ергежейлі пингвиндер мекені болып саналатын Филлип аралы орналасқан. Мұнда сонымен қатар коалалар қорығы (Коала Санктори) бар.

Сиднейден солтүстікте, Брисбен қаласының маңайында Жаңа Оңтүстік Уэлс шекарасынан Саут-Портқа дейінгі Голд-Кост жағалауында 42 шақырымда жағажай, онымен бірге Палм-Бич, Кулангатту, Бродбич, Серферс-Пэрэдайс жағажайлары бар.

Муррей өзені алабы немесе Виктория штатының солтүстігі және Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының оңтүстігі. Муррей өзені ауданды құраушы басты ландшафт элементі. Бастауын Сноци тауынан алады. Шөлді континнетті алғашқы бағындырушылары осы Муррей өзені негізінде ғана аман қалған. Өзенде ежелгі абориген тайпасының басқаруымен «Муррей Ханшайымы» кемесі арқылы туристік экскурсия ұйымдастырылған. Туризм орталығы болып Милдьюра қаласы (лимон ағаштарымен әйгілі) және Малли-Каунтри аумағы (эвкалипт ағаштарының алуан түрлігімен әйгілі) есептеледі.

Үлкен Суайырық жотасы. Туристерді қызықтыратын басты орталық – Суайырық жотасының қоңыржай ендіктегі бөлігі болып келетін Көгілдір таулар. Олардың атауы эвкалипт майының түсімен байланысты шыққан. Көгілдір таулардың үлкен бөлігін ұлттық саябақ Катумба алып жатыр. Мұнда Аустралияның көктемгі және күзгі гүлдер фестивалі өткізіледі. Сонымен қатар туризм нысандары қатарына Дженолан үңгірі, «Үш әпке» жартасы және Катумба сарқырамасы жатқызылады. Көгілдір таулардың етегінде ел астанасы Канберра орналасқан. Оның негізі 1927 ж. американ сәулетшісі Гриффин жобасымен қаланды. Канберраның басты ескерткіштері – ескі сәулетімен ерекшеленетін елшіліктің 70 ғимараты, еске алу мемориалы, ұлттық әскери мұражай дипломатиялық аудан орналасқан.

Үлкен Тосқауыл рифі. Аустралияның солтүстік-шығыс жағалауында орналасқан. Өте көп маржан аралдарынан тұрады, оған жылы тропиктік климат тән. Біршама әйгілі арал-курорттар: Лизард-Айленд, Херон-Айленд, Хейман-Айленд, Орфос-Айленд, Бедарра-Айленд, Хамилтон-Айленд, Данк-Айленд.

Солтүстік туристік ауданы Кейп-Йорк түбегін, Аутбек – ішкі құрғақ аумағын және солтүстік батыстағы Кемберли үстіртін қамтиды. Кейп-Йорк түбегі экстремальді туризм үшін тартымды, онда Карпентарий шығанағының ну ормандары мен алып-эвкалипт ағаштары өседі. Кемберли үстірті – өнеркәсіп туризмінің басты нысаны саналады. Мұнда алмаздар, сондай-ақ алтын және түсті металлдар өндіру кеніштері таралған.

Үлкен Артезиан алабы. Негізгі ескерткіші жел әрекетінің нәтижесінде пайда болған жартасты түзілім «Аустралияның қызыл жүрегі» (Аутбек үстірті) және аборигендер үшін қасиетті саналатын ірі монолит Эрз-Рок тауы немесе Улуру (Алис-Спрингс тауынан 450 шақырым қашықтықта орналасқан). Сонымен қатар мұнда Олгас тауы, түбінде оазисі бар Кенегс шатқалы (Улуру ұлттық саябағы) бар.

Негізгі туризм орталығы – Аделаида қаласы және оның маңайы. Оңтүстік Аустралия астанасы – Аделаида 1836 ж. қаланған және оны алғаш ашқан адамның әйелінің есімімен аталған. Аделаида әдебиет және өнер бойынша Аустралияда бірінші орында. Қаланың басты көрікті орындарына: Өнер орталығы, Виктория алаңы, ботаникалық бақ, көркемсурет галереясы, Оңтүстік Аустралиялық мұражай, Фестивальды театр, ірі Аустралия ойынханаларын жатқызуға болады. Аделаидадан солтүстік шығысқа қарай ең әйгілі шарап өндіруші аудан – Баросса аңғары (50 астам жүзімдіктер) орналасқан. Шарап қоймаларының көп бөлігі туристер үшін ашылған. Аделаидадан оңтүстікке қарай ескі сағаттар Мұражайы бар Хандорф баварлық ауылы орналасқан, сонымен қатар Макларен-Вейл жүзімдіктері және миндальды алқап бар. Флерье түбегінде серфингке арналған жағажайлар, шомылуға арналған шығанақ, Виктор Харбор курорты, ұлттық саябақтар бар. Аделаидадан солтүстікке қарай 860 шақырымда Кубер-Педи қаласы туристерге Аустралиядағы ірі опал өндіруші орталық ретінде танымал.

Батыс Аустралия көлемі жағынан біршама үлкен, құрлықтың үштен бір бөлігін алып жатыр. Ауданның солтүстік-батысына тропиктік муссон әсер етсе, ішкі бөлігі құрғақ болып келеді. Аймақта 3 үлкен: Үлкен құмды шөл, Гибсон және Үлкен Виктория шөлдері орналасқан.

Туристік нысандар қатарына Банг-Бангл тау массивін (дүние жүзілік алмаз өндірісінің 40%-ын қамтамасыз ететін алмаз өндіру шахтасы), Марбл-Бар жартасы (жердегі тіршіліктің көне қалдықтары), Рубак шығанағы (ірі інжу қабыршақтары мекені, Брумдағы інжу өндіру мен өңдеу, Брумнан 35 шаұырым жердегі інжу өсіру фермасы), Нингалу маржанды тосқауылы (250 шақырымға созылған жағалау, жағалаулық қайраңдағы бірегей жануарлар дүниесі) жатады.

Батыс Аустралияның астанасы – аумағы жағынан көлемді Перт қаласы болып табылады. Қаланың негізі 1829 ж. Джеймс Стирлингтің бастамасымен Үнді мұхиты мен Дарлинг-Рейнджерс тау тізбегі аралығандағы Суон өзенінің жағалауында қаланған. Қаланың маңызды ескерткіштер қатарына ескі және жастар арасында белгілі болған Нортбридж ауданы, Король театры, Үкімет үйі, Батыс Аустралия мұражайы, Калгури тауы жатады.

Маргарет-Ривер таулары өзінің қайталанбас серфингке арналған жағажайларымен, жүзімдеріктерімен, тасмания барысының қаңқасы табылған әктасты үңгірлерімен танымал. Пимбертон тауы 300-400 жылдық 60 м-лік эвкалипттер арасында орналасқан. Олбани тауында «Amity» кеме-мұражайы, |Галлиполидегі шайқаста қаза болған аустралиялық солдаттарға арналған мемориал, Аустралия кти аулау флотының тарихи мұражайы бар.

Тасмания аралы. Аустралияның оңтүстігінде орналасқан. Тасманияның батыс бөлігінің көпшілігіне әлі де қалың ну орманның болуына байланысты аяқ басылмаған. Материктен қашық орналасуы жергілікті флора мен фаунаның (гуон қарағайы, тасмания барысы) сақталуына мүмкіндік жасады. Оңтүстік полюстің жақындығы қоңыржай суық климаттың қалыптасуына ықпал етеді. Қыста (шілде-тамызда) 1000 м-ден асатын тауларды қар басып жатады. Ең жылы жазғы ай – ақпан (орташа ауа температурасы +21ºC).

Тасманияны 1642 ж. голландық теңіз саяхатшысы Абель Тасман ашты. Ағылшындық отарлау аралдың жергілікті халқының жоғалып кетуіне алып келді. Аралдың негізгі кіріс көзі – туризм саласы болып табылады. Британдықтар мұнда ескі Англияны жасауға тырысты, яғни оның ауылдарын, коттедждер мен фермаларын, тасты қабырғаларын жасады. Тасманияның ірі қалаларына аборигендердің мәдениеті мен өнерінің Тасманиялық орталығы –Девонпорт, Виктория королевасының мұражайы және Көркемсурет галереясы, Теңіз мұражайы,Франклин үйі, Катаракт шатқалы Лонсестон орналасқан.

Туризмнің дамуында Тасманияның оңтүстік-батыс жағалауындағы жабайы ауданның да өзіндік үлесі бар. Ауданның басты қалаларына: Куинстаун, Страхан, Зихан, және Роуз Берри жатады.

Тасмания астанасы Хабарт қаласы Веллингтон тауының етегінде орналасқан. Қалада викториялық құрылыстар және отарлық типтегі қарапайым ағаштан жасалған коттедждер басым.

Қалада екі жолаушылар порттары – Конститутция және Виктория порты бар. Негізгі көрікті орындарына Саламанка алаңы, Принцесс саябағы, Тасманияның мұражайы мен көркемсурет галереясы, ботаникалық бақ Баттери Пойнт кварталы орналасқан.

Date: 2015-06-07; view: 3153; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.006 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию